Алматы полициясы мәлімдеме жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының полиция департаменті кеше кешкісін қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне қатысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше, 2019 жылдың 10 маусымында шамамен 18-00-ден басап 2019 жылғы 11 маусым сағат 02-00-ге дейін Алматы қаласында бірнеше топ тұлға қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берді. Аталған құқық бұзушылыққа қатысқандарды полиция ұстады. Қазіргі уақытта аталған оқиғаларға қатысты құқық қорғау органдарының тарапынан толық құқықтық баға берілген жоқ. Дегенмен, полиция қауесетке жол бермеу және халыққа сенімді ақпарат жеткізу мақсатында аталған деректерді нақтылайтын бірнеше фактіні жария етеді», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, біріншіден, 10 маусым күні сағат 18:00-де «Алғабас» шағын ауданында, «Алатау» театрының алдына Р.Зайытовтың үндеуімен заңсыз шеру өткізу үшін бір топ адам жиналған. Олар полицияның «тараңдар» деген талаптарын елемей, қарсылық танытқандары үшін ұсталды. Бұған қоса олардың кейбірі «Алматы Арена» ауданында жолдарды жапқан.

«Р.Зайытовпен әңгімелесу жүргізілгеннен кейін ол үйіне жіберілді. Дегенмен, Р.Зайытовпен әңгімелесу жүріп жатқан кезде Алматы қалалық полиция департаментінің алдына оны қолдаған бір топ адам жиналды. Р.Зайытов үйінен келіп, олардан үйлеріне тарауды, ешқандай заңсыз шараға қатыспауды, арандатушылыққа ермеуді өтінді. Жиналғандар бірнеше топ болып, қала ішіне тарап кетті. Бірақ, олардың бірі жеке көлігімен Төле би мен Абай көшелерінде қозғалысқа бөгет жасады. 3-4 машина қатарласып лек түзеп, дыбыстық дабылдарын қосып, төмен жылдамдықпен қозғалды. Олар қалыпты қозғалысқа кедергі келтірді. Дәл осы уақытта аталған көшеде бір топ адам жол үстімен жүріп, қозғалысқа бөгет жасап, апаттық жағдай туындатты. Адам қатты айқайлап, ысқырды, өздерін барынша дөрекі ұстады», - деді департаменттен.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, құқық бұзушылар қандай да бір талап қоймаған.

«Екіншіден, заңсыз акцияға қатысушылар бірнеше қылмыстық әрекеттер жасады. Мәселен, түнгі бір жарымда Төле би мен Өтеген батыр қиылысында, «Сайран» автобекетіне қарсы жолда заңсыз акцияға қатысушы көлігімен жол қозғалысын реттеу қызметін атқарып тұрған жол-патрульдік полиция қызметкерін қағып кетті. Дәрігерлер оған оң жақ тізесінің жабық сынуы диагнозын қойды. Жүргізуші қылмыс орнынан бой тасалағанымен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында қарастырылған белгілер бойынша ұсталды», - деді ведомстводан.

Сонымен қатар Алматы қаласының Алатау ауданында кешкі уақытта мас күйдегі бір топ адам полицияның қызметтік көлігін зақымдаған. Олар көлікке тас лақтырып терезесін сындырған. Құқық бұзушылар ұсталған. Аталған факті ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

«Үшіншіден, кешкі және түнгі уақытта аталған құқық бұзушылықтарға қатысты полицияның колл-орталығына азаматтардан 1 250 шағым түскен. Оның 70 пайызы түнде болды. Халық түнгі уақыттағы шу мен айқайдан шошынған. Жүргізушілер жол жүрісі ережесінің өрескел бұзылуына наразылық танытқан. Полиция органдары заңсыз әрекеттерді тыю бойынша тиісті шараларды қабылдады. Құқық бұзушылар ұсталды. Қазіргі уақытта Алматыдағы ахуал толықтай бақылауда. Көлік пен барлық қызметтердің қалыпты жұмысы қамтамасыз етілген. Көшелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданған. Полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуына, кез келген құқыққа қайшы әрекетке жол бермейді, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қатерге заңға сәйкес қатаң тыйым салынатындығын мәлімдейді. Қосымша мәліметтер атқарапттар нақтылануына байланысты БАҚ-қа хабарланатын болады», - деп атап өтеді Алматы қалалық полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар