Алматы полициясы ірі сауда үйлерін тексеріп жатыр

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы полициясы ірі сауда орындарын тексеруге алды. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары ұрланған телефондарды саудалағандарды  анықтауға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың Медеу ауданындағы «ЦУМ», «Мегатау», «ГУМ», «Мобила» және «Тастақ» сауда орындарында сатылып тұрған 500 ұялы телефон тексерілді. Оның 15-і ұрланған болып шықты.

«Бұл рейд шаралары бөтеннің мүлкіне қол салу қылмыстарының жолын кесуге бағытталған. Оның ішінде телефон ұрлайтын, ұрланған мүлікті сатып алатын адамдарды анықтау үшін жасалып жатыр. Ұрланған телефондардың барлығы тәркіленіп, іс материалдарына заттық айғақ ретінде тіркелді. Ұрланған дүниені саудалаумен айналысқан адамдар Қазақстан заңнамасы бойынша жауап береді», - деді қалалық Полиция департаментінің Қылмыстық полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Айта кету керек, 6 қарашада полиция 33 жастағы Алматы тұрғынының үйінен  184 ұялы телефон, 154 ноутбук, 10 нетбук, 7 теледидар, 29 видео және фотоаппарат, 1 проектор, 6 ерлер сөмкесі, 8 құндыз тон,  6 қол сағат, 26 ноутбук сөмкесі, 80 телефон қабы, 15 қуаттағыш құрал тапқан болатын.

Ол ұрылардың әкелген заттарын арзанға алып, басқаларға қымбат бағамен сатып отырған.

Ал 22 қазан күні Алматыда арнайы профилактикалық іс-шара басталды. Апталық  барысында ұрланған заттарды қабылдап, одан әрі сатумен айналысатын қылмыскерлер ұсталып жатыр.

Жақында кәріз құдықтарының шойын қақпақтарын қабылдап келген әйел ұсталған еді.

Мұның алдында Алматы полициясы автобөлшектерді ұрлауды кәсіпке айналдырған әккі ұрылардың суретін қоғамдық орындарға ілген болатын.

Сонымен қатар, полиция басқа да заңсыздықтардың алдын алу  үшін видео мен фото салынған интернет-пабликтерді бақылайтын арнайы жұмыс тобын құрды.   

 

Соңғы жаңалықтар