Алматы полициясы «Бизнес клуб» аталып келген жезөкшелер ордасын әшкереледі (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы «Бизнес клуб» атауын бүркеніп келген жезөкшелер ордасын әшкереледі. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған орынға белгілі бір ортаның сенімді адамдары ғана кірген. Арнайы кабинкаларда жайғасқан келушілерге қалауына қарай жыныстық қызмет көрсетілген.

«Келген адам «шай» сұраса, сол жерде ғана көңіл көтеріп, «кофе» сұраса, «қызмет етуші қыздарды» клубтан тыс жерге апаруға қақысы болған. Әкімші ақы мәселесін арнайы тариф бойынша алдын ала есептеп отырады. Жезөкшелердің жұмыс графигін тіркеп отыратын арнайы журнал бар екен. Тіпті олардың ауыстырып киетін киімдері жиналған үлкен гардеробы болған», - деді қалалық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының адам саудасымен күрес бөлімінің басшысы Тимур Қаржаубаев.

Полиция қызметкерлері жезөкшелер ордасын дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні әшкерелеген. Жұмыс күні болса да мұнда караоке кабинкалардың бәрі клиентке толы болғандығын айта кету керек.

«Тексеру барысында 30 жеңіл жүрісті қыз ұсталды. Интим-бизнестің көрігін қыздырып жүргендердің бірі Ресей Федерациясының азаматшасы екендігі анықталды. Қыздың жеке басын куәландыратын бірде-бір құжаты жоқ болып шықты. Клиенттердің арасында көші-қон туралы заңнаманы өрескел бұзған Оңтүстік Кореяның азаматы ұсталды. Ол ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 5 тәулікке қамалды», - деді Т. Қаржаубаев.

ІІД баспасөз қызметінде аталған мекеменің әкімшісіне қатысты деректер жинақталып, анықтау бөліміне жіберілгенін айтты. Оған қатысты ҚР ҚК 271-бабы (жезөкшелер ордасын ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалмақ.

Соңғы жаңалықтар