Алматы полициясы адам қаза тапқан жол апаты туралы түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек бүгін таңертең болған жол апаты туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, №54 автобус пен жеңіл көлік соғылғаны туралы ақпарат таңертең түскен. Жол апатынан 7 жолаушы мен автобус жүргізушісі жапа шегіп,  Тойота көлігінің жүргізушісі қаза тапқан еді.

«Бұл дерек ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлімімен сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізіліміне тіркелді. Бұл дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалады. Адам денсаулығына келтірілген зақым деңгейін анықтау үшін сот медициналық сараптама жасалады. Жүргізушілердің қайсысы жол ережесін бұзғаны анықталатын болады», - деді С.Әзірбек.

ІІД ресми өкілі жол апатына көктайғақ себепші болғанын растамады.

«Көзбен көріп анықтай алмаймыз. Оның себебін тағайындалған сараптамалар анықтайды», - деді ол.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық қызметке жүгінген 8 адам қазір амбулаториялық емдеуге үйлеріне жіберілген.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, аталған қиылыста люктен су толассыз ағып, таңға жуық көктайғаққа айналған. Таңертеңнен бері бұл жерде 4 жол апаты тіркелді.

Соңғы жаңалықтар