Алматы полициясы 10 күнге күшейтілген қызметке  ауыстырылады
2021 жылғы 4 қараша 11:17

Алматы полициясы 10 күнге күшейтілген қызметке  ауыстырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 8-17 қараша аралығында жол-көлік қозғалысы қатаң бақылауға алынады. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасына байланысты Алматыда жол қозғалысын бақылау күшейтіледі.

«Жедел-алдын алу іс-шаралары өтетін күндері полицияның жеке құрамы күшейтілген қызметке ауыстырылады. Бұл ретте нарядтардың тығыздығы артады. Шараның басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жолдағы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамайтын жүргізушілерді анықтау», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Сондай-ақ, іс-шара барысында полицейлер әйнектері караңғыланған, жалған тіркеу нөмірлері бар көліктерді пайдалану, көлікті мас күйде жүргізу, сигналдық дауыс зорайтқыш қондырғылар мен жыпылықтайтын маяктарды орнату, жылдамдықты асырып жіберу және басқа да жол жүру ережелерін бұзу фактілеріне назар аударады.

«Қоғамдық көлік және такси парктерінің қызметі ерекше бақылауда болады. Осыған байланысты қалалық автокәсіпорындар өкілдерімен жоспардан тыс кездесулер жоспарланған, онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар мәселе талқыланады», – деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT