Алматы полицейлері қала тұрғындарын телефондағы күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өңірлік қызметте өткен брифингте Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов қала тұрғындарын телефондағы күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, бұл вирустық файлдар мен қосымшалар болуы мүмкін, олар алаяқтардың мобильді банкингтегі қаражатыңызға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

«Әртүрлі сайттарға өзіңіздің банк карталарыңыздың деректерін енгізбеңіз, себебі бұл сіздің жеке ақпаратыңызды жинау үшін арнайы құрылған, әрі қарай сіздің банк картаңыздан рұқсатсыз төлем жасау үшін пайдаланылатын «фишингтік» сайттар болуы мүмкін», - дейді Қуатбек Науатов.

Сонымен қатар, ол ақшаны көбейтуге уәде беретін немесе үлкен ақшалай ұтыстар туралы хабарлайтын интернеттегі күмәнді байқауларға қатыспауға кеңес берді.

«Азаматтарға криптовалюталарға, акцияларға, бағалы металдарға және тағы басқаларға инвестициялау арқылы үлкен дивидендтер беретін күмәнді жобаларға ақша салмаңыздар. Сонымен қатар, алаяқтар әртүрлі елдерден жоқ абоненттік нөмірлерден қоңырау шалып, олардың фирмаларына (QuestraWorld, AssetWorldManagement) инвестициялаудың пайдасы туралы нанымды түрде айтуы мүмкін»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар