Алматы полицейлері «Халық алғысы» медалімен марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда төтенше жағдай мен карантин жағдайында ерекшеленген 49 полиция қызметкері арнайы медальмен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін және пандемиямен күрестегі сіңірген еңбегі үшін Алматы қаласы полиция департаментінің 49 қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Марапаттау рәсімі санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, полиция базасында өтті.

«Биыл 19 наурыздан бастап қалада карантиндік режим енгізілді. Шаһардың сыртқы шекарасынан тыс жерлерде көлік құралдарының кіруі мен шығуын шектеу үшін оның периметрі бойынша 27 блок бекеттері құрылды, оған учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция Полкінің, ЖҚАЖ және ПД орталық кеңсесінің қызметкерлері тартылды. Барлығы 679 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар, қаланың өзінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін жаяу патрульдер мен тосқауыл постарының жұмысы күшейтілгені рас. Бұл қызметті 2500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан қызметкерлері атқарды. Сонымен қатар, полиция, инфекция ошақтарында қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етті, ал оның таралуының алғашқы кезеңінде жедел штаб науқастармен байланыста болған адамдарды анықтады. Жеке құрамның алдында тұрған міндеттер өте маңызды болғанын атап өтемін және олар оны шеше білді. Медицина қызметкерлерімен бірге полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарды, бұл бірінші кезекте КВИ инфекциясының қаупін азайтуға және қаладағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.


Соңғы жаңалықтар