Алматы полицейлері 60 келі есірткі тәркіледі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Алматы қаласының полицейлері 60 келі есірткі тәркіледі, оның 7 келісі синтетикалық есірткі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 205 есірткі қылмысы анықталды және есірткі сатуға қатысты 35 деректің жолы кесілді.
«Осылайша, жалпы сомасы 187,5 млн теңге болатын, 30 мың доза әлеуетті тұтынушыларға жетпей қалды. Бұл ретте «синтетика» шығаратын 3 есірткі зертханасы жойылды.Есірткі қоймасын ұйымдастырудың 2 дерегі және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 1 дерегі анықталды. Жалпы, Алматы полицейлері 60 келі есірткі тәркіледі», - деді Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ спикер синтетикалық есірткіні онлайн сату мәселесіне де тоқталды.
«Биыл полицейлер 27 есірткі бетбелгісін қоюшыны ұстады, есірткі тарататын және жарнамаланатын 73 интернет-ресурс анықталды. Соңғылары туралы ақпаратты одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзорға» жіберілді. «Наркостоп» қозғалысының еріктілерінің белсенді қатысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 1500 граффити жазуы табылды және бояу арқылы жойылды»,- деді ол.
Полиция өкілі, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды заңсыз жарнамалағаны үшін ҚК-тің 299-бабы 1-1-бөлігімен 1 адам жауапқа тартылғанын атап өтті.
«Алматыда жыл басынан бері 300-ге жуық профилактикалық іс-шара жүргізілді. Нарколог-дәрігерлермен бірлесе, ақпараттық жұмыс жүргізуге баса назар аударылды. Полиция департаменті мен Алматы қалалық білім басқармасымен жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер, тренингтер, семинарлар өткізу туралы меморандумға қол қойылды»,- деді Салтанат Әзірбек.


Соңғы жаңалықтар