Алматы перзентханасында жаңа туған нәресте көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полицейлер жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Facebook парақшада жарияланған видеода босанған әйелдің анасы қызының жүктілігі асқынусыз өткенін айтады. Ол дәрігерлердің тексеруіне уақытында барып жүрген. ПТР тестін де тапсырған.

«Түнгі сағат 1-де қызым бізге қоңырау шалып, баланың шетінеп кеткенін айтты. Оған баланы қолына ұстап, қоштасу үшін берген. Бізге нәрестенің денесін таңертең Қалқаман мәйітханасынан алып кету керек деді. Ертеңгісін біз мәйітханаға бардық, бірақ ол жерден баланың денесін таппадық. Оны алып кеткен екен. Біз оның денесін кесуге келісім берген жоқпыз. Біз полиция шақырдық. Мұның бәрін анықтағымыз келеді. Бала ай-күніне жетіп туды»,– дейді босанған әйелдің анасы.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, Алматы қаласының 19 жастағы тұрғыны перзентханаға 2020 жылдың 18 қарашасында түскен.

«Ана мен балаға қажетті барлық медициналық көмек көрсетілді. Қарқынды терапия мен реанимация шараларына қарамастан, жаңа туған нәресте 19 қараша күні шетінеп кетті», - деп түсіндірді басқармадағылар.

Баланың өліміне қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ, Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы тергеу шараларын бастады.


Соңғы жаңалықтар