Алматы-Өскемен тас жолында көлік апатынан ер адам қаза тапты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Алматы-Өскемен тас жолында көлік апатынан 61 жастағы адам мерт болды. Тағы төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы келеңсіз жайтқа байланысты Кербұлақ аудандық Полиция басқармасының бастығы жол қауіпсіздігін қатаң сақтауды және жолда мұқият болу қажеттілігін ескертті.

2022 жылғы 18 қаңтарда «Алматы-Өскемен» республикалық маңызы бар автожолдың 174-шақырымында «Toyota Land Cruiser PRADO» автокөлігін басқарған бойжеткен рульге ие бола алмай, жол көлік оқиғасына жол бергені анықталды. Жол талғамайтын көлік аударылып, салонындағы бірнеше адам жарақаттанып, бір адам көз жұмған.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Көлік апаты кезінде 1960 жылы туған жолаушы көз жұмып, 1985 жылы туған жүргізуші әйел мен 3 жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді»,- деді Кербұлақ АПБ бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Полиция таратқан ақпарат бойынша, жол көлік оқиғасын жасаған көлік арнайы тұраққа қойылған. Тағайындалған сараптамалардың қорытындылары негізінде жол апатының не себептен орын алғанын толық анықтайтын сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң, іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.

«Осы жағдайды ескере отырып, барлық жүргізушілерді жолда абай болуға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Жолдағы болмашы қателік өзіңіздің не өзгенің өміріне үлкен қауіп төндіретінін естен шығармаған абзал. Жоғары жылдамдық, қауіпті маневрлер жасау, мұқиятсыздық немесе ауа-райы жағдайын есепке алмай жолға шығу жол апаттарының басты себептері болып отыр»,- деп толықтырды Ербол Ахметқалиев.


Соңғы жаңалықтар