Алматы Орталық мешітінің маңында Құрбан айт мейрамы аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Құрбан айт мейрамы тойланып жатыр. Бүгін қала мешіттерінде таңертеңгі 7:30-да айт намазы оқылды.

Қалалық орталық мешітте «дін мен дәстүр» қағидасы аясында жамағат арқан тартыстан, қол күрестен, ұлттық спорт түрлерінен сайысты. Қазір жас бүлдіршіндерге арнап ойын алаңы - батут құрылуда.

Айта кету керек, ҚР Бас Мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен Қазақстанның, соның ішінде Алматының барлық мешіттерінде ұлттық ойындардан сайыстар өткізуге, келушілерге арнап киіз үйлер тігуге пәрмен берілген болатын.

«Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке - Құрбан айт мейрамы айрықша аталып келеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам - Құрбан айт құтты болсын!

Айт - ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады.

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу - міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу - пенденің иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе - жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), - деп баяндалған.

Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатты, азаматтарды мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін», - деген болатын Бас Мүфти өз құттықтауында.

Айта кету керек, Алматыда құрбан шалуға арналған 22 орын дайындалды.

Соңғы жаңалықтар