Алматы орталығында байлаулы тұрған аюдың иесі анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы орталығында байлаулы тұрған аюдың иесі анықталдыдеп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жабайы жануарға қатысты видео Инстаграмдағы пабликтердің бірінде жарияланған болатын. Ғимараттың жанында байлаулы тұрған жануардың аузында тұмылдырық бар екені көрінеді. Кадр сыртындағы дауыс аюдың Алматының орталығында жүргенін айтады.

Белгілі болғандай, бұл Ресейден келген цирк актері Афанасий екен. Алматыға Ресейден Мстислав Запашный атындағы цирк гастрольдік сапармен келген.

Афанасий есімді аюды цирк үйретушісі сыртта серуендетіп жүрген.

«Жануарларды үйретуші қонжықты цирк айналасында серуендетіп жүрген. Бірақ видеода ол көрінбейді. Территория жабық әрі аюдың тұмсығында тұмылдырық болды. Сондықтан, адамдар үшін қауіп төндірмейді. Әлеуметтік желіде аю неге сонша арық деген комментарийлер де болды», - деді цирк әкімшісі Сергей Белинский.

Оның айтуынша, цирк қызметкерлері 3 қонжықты үш айлық кездерінде құтқарып қалған.

«Біздің қызметкерлер оны 6-7 ай емдеді. Ветеринарға апарды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың күйзеліс пен аштықтың кесірінен ағзаларының дамуы кешеуілдеп қалған. Сол себепті жануарлар бойы өспей қалған. Қазір олар біздің цирктің әртістері! Аюлар табиғатында қыста семіз, көктемге қарай арық шығады»,- деді ол.

Алматыға Афанасийден бөлек, тағы екі қонжық, иттер, жылқылар, ақ және уссурий жолбарыстары әкелінді.

Айта кету керек, 8 ақпанда Түркістан облысы, Сайрам ауданында жергілікті тұрғындар кәдімгі аюды мал базарда сатпақ болған. Қарабұлақ базарынан табылған аюды олар темір торда қамап ұстаған. Облыстық полиция департаменті бұл деректі Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді. Ал жабайы аю Шымкенттегі зообаққа тапсырылды. Қазір оның күтімімен бақ қызметкерлері айналысуда.

Соңғы жаңалықтар