Алматы облысының жолдарында жаяу жүргіншілерге арналған бес жерүсті өткелі салынды
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдері «Алматы-Бішкек» тасжолының 23, 24, 28, 45 шақырымдары және «Алматы-Шелек-Қорғас» күре жолының 33 шақырымында пайда болды.
Жаңа жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің жанында Құмтоған, Алмабалық, Қасымбек, Бәйтерек елді мекендері және Керуен автостанциясы орналасқан. Құрылыс барысында ерекше қажеттілігі бар жандарға қолайлы жағдай жасауға баса көңіл бөлінген.
«Жаңа жасанды қондырғыларда пандустар және арнайы платформалар бар. Ал жаяу жүргіншілердің ыңғайы үшін баспалдақтардың үстінде арнайы шатырлар қарастырылды. Сонымен қатар түнгі уақытта пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи жарықдиодты шамдар орнатылды. Жаңа типтегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің қызмет ету мерзімі кемінде 15 жыл», - деп хабарлады ұлттық компанияда.