Алматы облысының жол сақшылары жүргізушілерге үндеу жасады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының жол сақшылары жүргізушілерге бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының жол сақшылары көлік жүргізушілерге бейнеүндеу жазып, барлық әлеуметтік жобалары арқылы жолдады.

Полицейлердің үндеуі жол қауіпсіздігін сақтауға шақырумен қатар, осы мақсатта атқарылған шаралар және жол-көлік оқиғаларының саны туралы мәліметтерді қамтыған.

«Ақпарат таратудың дәстүрлі тәсіліне қарағанда, қазір әлеуметтік желідегі мәлімет өтімді екені анық. Сол себепті біз үндеу жазып, жүргізушілерді жол жүру ережесін қатаң сақтауға шақырдық. Мезгіл ерекшелігін ескере отырып, қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал. Өйткені, қара жол қателіктерді кешірмейді»,- деді облыстық полиция департаменті ЖПҚБ патрульдік полиция ротасының командирі, полиция майоры Нұржан Өстеміров.

Рота командирінің ақпаратына сәйкес, облыстық патрульдік полиция ротасы қызмет атқаратын республикалық маңызы бар жол учаскелерінде жыл басынан бері 131 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 51 адам қаза тапқан.

250 астам жолаушы әртүрлі дене жарақатын алған. Жол сақшылары жол ережесін сақтамаған 50 мыңға жуық жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырған.

Т ексеру барысында 140 жүргізушінің масаң күйде көлік тізгіндегені анықталған.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол» және «Құқықтық тәртіп» сияқты жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, республикалық жолдарда арнайы рейд өткізіледі. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында жол сақшылары қызметтік көлікпен қамтамасыз етілді»,- деп толықтырды полиция майоры Нұржан Өстеміров.

Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жол учаскелерінде жасанды жол кедергілерін жасады.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер өткелдері маңына жарық тартылып, жол сақшыларының қызметтік көлігіндегі сияқты түрлі-түсті жарық сигналдарын беретін құрылғылар орнатылды.

Соңғы жаңалықтар