Алматы облысының тұрғынынан 70 қап «Алтын тамыр» табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Көксу ауданының 40 жастағы тұрғынынан 70 қап «Алтын тамыр» табылды. Өте сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқандықтан Қызыл кітапқа енгізілген өсімдікті заңсыз теруге қылмыстық жауапкершілік қарастырылады,   деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Көксу ауданының Балпық би ауылында тіркелген. Полиция қызметкерлері тәркілеген «Алтын тамырдың» салмағы 877 келіге жетіп отыр.

«Қазіргі күні бұл өсімдіктің қайдан жиналғаны анықталу үстінде. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып,  «Алтын тамыр» сақталған қораның иесі күдікке ілініп отыр.  Ал ауыл тұрғынынан алынған өсімдіктің «Қызғылт семізот» аталатын «Алтын тамыр» екені  тағайындалған сараптама қорытындысы бойынша расталады.  Сараптама арқылы расталған жағдайда мемлекетке келтірілген шығын да есептелмек», - делінген баспасөз баянында.

Полицияның түсіндіруінше, сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 339 бабы (Сирек кездесетін және жоғалып кету алдында тұрған, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдік түрлерінің заңсыз айналымы) бойынша қозғалуы мүмкін.

«Алтын тамыр» көптеген пайдалы емдік қасиетке ие әрі халықтық медицинада кеңінен қолданылатын өсімдік. Заңсыз жинаудың салдарынан жыл өткен сайын құрып бара жатқан өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар