Алматы облысының тұрғыны полицейге қол жұмсаған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полицейге қарсылық көрсетіп, қызметтік көлігінің терезесін сындырып тастаған тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Көксу ауданындағы Балпық би ауылында болған. Бұл жерде тәртіп сақшылары қоғамдық орынға ішімдік ішіп келген жергілікті тұрғынды ұстаған. Арнайы тексерістен кейін, тәртіп бұзушыны Талдықорғанға жеткізген. Бірақ жол бойында Көксу ауданының 46 жастағы тұрғыны полицейге қарсылық көрсетіп, қызметтік көлігінің терезесін шағып тастаған.

«Қазір осы фактіге орай сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізілуде. Яғни, ҚР ҚК 380-бабы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) және ҚР ҚК 378 бабына (Билік өкілін қорлау) сәйкес іс қозғалды. Қазір күдікті арнайы қолхатпен жіберілді. Жақын күндері іс сотқа жолданады», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, күдіктінің қарсылығы салдарынан бір полция қызметкері зардап шегіп, медициналық тексеруден кейін қызметіне қайта кіріскен.

Ведомства өкілдерінің ақпаратына сәйкес, 2018 жылы Алматы облысында полицейлерге күш қолданған 28 факті тіркелген. Барлық іс жан-жақты тергеліп, ҚР ҚК 380 бабы бойынша кінәлілерге сот үкімі шығып, жауапқа тартылған.

«Жыл басынан бері облыста тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен 7 факті тіркелді. Оның үшеуі ҚР ҚК 380 бабы, ал 4 іс 378 бап бойынша қозғалды. Барлық іс тергеліп, заң жүзінде сотта қаралатын болады», - деп толықтырды полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар