Алматы облысының тұрғыны автобуста 360 мың теңгесін ұрлатып алды
2020 жылғы 15 қыркүйек 02:08

Алматы облысының тұрғыны автобуста 360 мың теңгесін ұрлатып алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында автобуста тұрғынның 360 мың теңге ақшасын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарасай ауданының полицейлері автобус ұрысын ізін суытпай ұстады.

Қарасай ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Шамалған станциясының 38 жастағы тұрғыны микроавтобуста белгісіз адам оның барсеткасынан 360 мың теңге ұрлап кеткені туралы арызданған. Азамат ұрыны ұстамақшы болғанда, ол қашып кеткен. Дегенмен, ұрыны суретке түсіріп үлгерген.

«Аз уақыт ішінде тергеушілер бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған Іргелі кентінің 41 жастағы тұрғынын Алтын Орда базарынан анықтап, ұстады. Оны жәбірленуші де, кондуктор да таныған және басқа да дәлелдермен әшкереленген. Күдікті тонау дерегін толық мойындады», - дейді Қарасай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Абай Тынышбаев.


Ұрланған ақшаны қаскүнем өз көлігін жөндетуге жұмсап үлгерген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.


Jańalyqtar

MURAǴAT