Алматы облысының тауларында қатты жаңбырдан кейін тағы да сел жүрді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тауларында қатты жаңбырдан кейін тағы да сел жүрді. Лай-батпақ аралас тасқын Сарыөзек-Көктал тас жолында, Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылының маңынан 9 маусым күні кешкі 17.00 шамасында ағып өткен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзен көпірінің асты селмен ағып келген ағаштармен бітеліп, батпақ жолдың үстіне жайылған. Тас жолдың жабындысына зиян келген жоқ. Қазіргі таңда мамандар жол сапасын тексеріп, хаттама толтыруда. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер жоқ, материалдық шығын келмеген.

Айта кету керек Алматы облысының таулы аймақтарында күн күркіреп, жаңбыр жауып, сел жүру қаупі арта түскен. Сондықтан құтқарушылар тұрғындар мен тауда демалушыларға барынша сақ болуды ескертеді.

«Ең бірінші халыққа айтатынымыз жауын-шашын кезінде, ауа райы күрт өзгерген жағдайда, таулы аймаққа және өзен жағалауларын бармауын сұраймыз»,- деді «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ Жетісу Алатауы аумақтық пайдалану басқармасы филиалы жетекшісінің орынбасары Айдос Сабырбаев.


Соңғы жаңалықтар