Алматы облысының шенеуніктері сөгіс алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында кәсіпкер жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертпек болған. Алайда әкімдіктегілер тиісті мемлекеттік қызмет көрсетпеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың қыркүйек айында кәсіпкер Жамбыл ауданының әкіміне жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін өтініш берген. Алайда жергілікті атқарушы орган Жер кодексінің 97 бабы, 3-тармағына сілтеме жасап, азаматтың арызын қабылдамай тастаған. Әкімдікте мәселесі шешілмеген азамат өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінгеген. Палата өкілдері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің департаментіне жер қатынастары бөлімінің қызметіне тексеру жүргізу жөнінде хат жолдаған. Облыстық департаменттің мәліметінше, мемлекеттік қызметті негізсіз түрде көрсетпеу жағдайы анықталмаған. Бірақ Алматы облысы Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі мен әкімдік аппаратының қызметкерлері тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету процедурасында заңбұзушылық фактісі орын алған.

«Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша шешімді беру» мемлекеттік қызметін көрсету нәтижесі бойынша бұзушылық фактісі анықталды. Мемлекеттік қызмет стандартының 3-тармағы бойынша мемлекеттік қызмет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың атқарушы органдарымен, аудандық маңызы бар қалалардың, поселкелердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері көрсетеді. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметтің нәтижелерін беру қызмет көрсетушінің кеңсесі, яғни жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асырылады», - делінген мемлекеттік орган жауабында.

Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің сарапшысы Думан Керімбаевтың сөзінше, әкім атына жазылған өтінішке жер қатынастары бөлімінен жауап қайтарылған. Жер кодексінің талаптары бойынша учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша теріс немесе оң шешім шығару бойынша жауап жергілікті атқарушы орган, яғни әкім тарапынан берілуі тиіс.

Аталған жайтқа байланысты Жамбыл ауданы әкімінің өкімімен жұмыста жіберілген кемшіліктер бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысына және әкім аппаратының бас маманына сөгіс жарияланды.

Соңғы жаңалықтар