Алматы облысының шалғай жатқан ауданына газ құбыры тартылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -Алматы облысында шалғай жатқан Балқаш ауданына 51,2 км газ құбыры тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының мәліметіне қарағанда, Бақанас ауылында табиғи газға қосылуға 2137 абонент мүмкіндік алды. 500-ден астам үй көгілдір отынға қосылуға дайын.

Балқаш ауданының Ақдала ауылына газ жеткізу құбырының және газ тарату құбыры құрылысының жобасы аяқталуға жақын.
Сол сияқты Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарын газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» АГТС-тарына бұрылатын «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының» жобалық-сметалық құжаттары (ЖСҚ) дайындалып жатыр. Газ құбыры трассасының жалпы ұзындығы 318 км болады. «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбырынан барлығы 148 елді мекенге газ жеткізіледі, яғни 156,4 мың адам газбен қамтылады.
Сол сияқты Райымбек пен Кеген аудандарының ауылдарын газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбыры құрылысының» ЖСҚ дайындалуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 316,3 млн теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 17,4 мың халық тұратын 23 елді мекен газдандырылады.
Жалпы осындай жұмыстардың нәтижесінде келесі жылы Алматы облысының газдандырылу деңгейін 64%-ке жеткізу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар