Алматы облысының Полиция департаменті автокөліктердің жаппай тексерілуін түсіндірді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында мал ұрлығының алдын алу мақсатында арнайы рейдтер өткізілуде. Тәртіп сақшылары бес күн ішінде үй жануарларын ұрлаудың 16 дерегін анықтап үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық автожолдарда патрульдік полицияның блок-посттары қойылды. Мал және ет өнімдерінің заңсыз тасымалын анықтау мақсатында барлық автокөліктер тексерілуде. Осы уақыт ішінде 405 көлік тексеріліп, құжаттары заң талабына сәйкес келмейтін 43 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды»,- деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары мал сататын барлық базарларды, ет сату орындарын, шаруа қожалықтары мен қыстақтарды тексеруді жалғастыруда.

«Арнайы іс-шара кезінде бес күн ішінде мал ұрлығының 16 дерегі ашылды. Күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталуда. Жыл басынан бері малдарын ұрлап кеткен тұрғындарға 35 миллион материалдық шығын өтелді»,- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін жасалған бірқатар мал ұрлығы ашылған. Оның ішінде 2016 жылы Кеген ауданында орын алған ұрлықтың мән-жайы әшкере болып, зардап шегушілерге материалдық шығын өтелді.

Айта кетейік, облыстық полицейлер жыл басынан бері 110 мал ұрлығын әшкерелеп, ұрылар үптеп кеткен 200-ге жуық малды заңды иелеріне қайтарған.

Соңғы жаңалықтар