Алматы облысының полицейлері жүргізушілерді тәртіпке шақыру шараларын күшейтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының аумағында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Оның барысында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алуды, оларды болдырмауды басты назарда ұстайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері 900 астам жол-көлік апаты орын алып, 170 адам көз жұмған, ал 1300 астам адам әртүрлі дене жарақатын алған. Жол сақшыларының айтуынша, көлік апаттарының басты себептерінің бірі - жүргізушілердің жылдамдық тәртібін сақтамауы мен қозғалыстың қарсы бағытына шығып кету болып отыр.

«Биылғы бес ай ішінде жылдамдық режімін бұзған жүргізушілерге 9646 хаттама толтырылса, қарсы бағытқа шыққан «темір тұлпар» тізгіндеген 105 азамат жауапкершілікке тартылған»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, өңірде жаяу жүргіншілермен болатын көлік апаттарының алдын алу бойынша тиісті шаралар күшейтілді. Полицейлер жыл басынан бері жол жүру ережесін құнттамайтын және оны өрескел бұзған 6046 жаяу жүргіншіге хаттама толтырып, айыппұл салған.

«Арнайы іс-шара барысында қоғамдық көлік жүргізушілері, әсіресе такси жүргізушілері тарапынан бұзылатын ережелерді анықтау және оларды болдырмауға бағытталған шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараға өзге де көлік ұйымдарының өкілдері жұмылдырылды. Әсіресе, алкогольдік немесе есірткілік мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілерді анықтауға ерекше көңіл бөлінеді»,- деп атап өтті полиция өкілдері.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы облысында 877 көлік жүргізушісі ішімдік ішіп немесе есірткі қабылдап, көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Ал «Қауіпсіз жол» іс-шарасы 22 маусымға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар