Алматы облысының полицейлері жалға берілетін пәтерлерге тексерісті күшейтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері жалға берілетін пәтерлерге тексерісті күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов облыс орталығындағы Пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен кездесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда бірлесіп қызмет атқаруға шақырған еді.

ПИК басшыларының хабарлауынша, көпқабатты үйлердегі құқықбұзушылықтар мен тәртіпке бағынбаудың көбі уақытша жалға берілетін пәтерлерде болады. «Арнайы іс-шара барысында тәртіп сақшылары ПИК төрағаларымен бірлесіп, жалға берілетін пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Баспананы арендаға тапсыру үшін қажетті құжаттар топтамаларын тексерді. Сонымен қатар, жалға алушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы айтуды ескертті»,- деп мәлім етті Алматы облысы ПД баспасөз қызметінен.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, полицейлердің бастамасымен облыста «Көршілер бақылауы» бағдарламасы жұмыс жасайды. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бағдарлама бойынша полицияға мыңға жуық қоңырау соғылған.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары кез келген тәртіп бұзушылыққа бей-жай қарамауға және дер кезінде тәртіп сақшыларына берілген ақпарат түрлі оқиғалардың алдын алатынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар