Алматы облысының Панфилов ауданына екі санитарлық бекет орнатылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданына екі санитарлық бекет орнатылады. Себебі, осы аймақта індетке шалдыққандар саны күрт өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдегі сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай соңғы 7 күнде аудан бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда вирус жұқтырғандар көрсеткіші - 45,1 пайызды яғни 57 жағдайды құрап отыр. Сондай-ақ, ауданда қоғамдық тамақтанатын орындар жабылып, балабақша, білім беретін мекемелер жұмысы тоқтатылды. Білім ошақтары 80 пайыз онлайн 20 пайыз офлайн форматқа көшірілді. Қаулыда көрсетілген тармақтарды басшылыққа ала отырып өңірде мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылған», - делінген Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ауданда санитарлық бекет 24 желтоқсаннан бастап қойылады.

«Аудандық бас санитар дәрігердің Қаулысына сәйкес 24 желтоқсан сағат 7:00-ден бастап ауданға кіреберіс республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға санитарлық бекет орнатылады. Онда «Полиция мен медицина қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар ауданға кіретін және шығатын азаматтарға байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізу арқылы деректер жинау үшін санитариялық бекеттер орнатылсын» – деп толықтырды ведомствоның өкілдері.

Әкімдіктің мәліметінше, Панфилов ауданы пандемияның екінші толқынына толықтай дайын. Жақында орталық аурухана ауласына жаңа оттегі станциясы орнатылған. Аурухана бойынша 20 жасанды тыныс алу аппарат (ИВЛ) бар. Қосымша 44 оттегі концентраты бөлімдер мен ауылдық амбулаторияларға орнатылды. Сонымен қатар жаңа 4 санитарлық автокөлік алынған.

Соңғы жаңалықтар