Алматы облысының музейлеріне виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік туды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Енді кез-келген адам Жетісу жеріндегі музейлерге виртуалды саяхат жасай алады. Ол үшін тек ғаламтор болса болғаны. 3d-Tour.kz сайтына кірсеңіз гидтің дауысы шығып сізге мұражайдың әр бөлмесі жайлы хабардар етеді және кез-келген жәдігерді экранды басу арқылы үлкейтіп көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін осы жобаны жүзеге асырған автор Мейірхат Толқынов брифингке арнайы келіп, жобаның қыр-сырын журналистерге түсіндіріп берді. «Жетісу 360» деп аталатын жоба әзірге Талдықорғандағы екі музейге виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік береді.

«Мұхамеджан Тынышбаев және Ілияс Жансүгіров атындағы музейлерге виртуалды саяхат жасай аласыздар. Бұл бағдарламада суреттердің барлығы 360 градуста түсірілген. Кез-келген экспонатты үлкейтіп көруге мүмкіндік бар. Мұндай жобаны жүзеге асыру менің ойыма алғаш рет 360 грдуста түскен суреттерді көргенде келді. Жоба 3D форматында жасалған. Оны VR көзілдірігімен де көруге болады. Бұл бағдарлама Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр», - дейді жоба авторы Мейірхат Толқынов.

Мейрхан Толқынов облыстық өңірлік коммуникация қызметінің техникалық бөлімінің маманы. Ол бұған дейін кәсіби фотограф болған. 26 жастағы жоба авторы енді облыстағы барлық 22 музейді жаңа бағдарламаға енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Ілияс Жансүгіров атындағы мұражайда 6 073 экспонат болса, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы музейдегі жәдігерлердің саны - 27 454.

Соңғы жаңалықтар