Алматы облысының Көксу ауданында жерасты сулары көтеріліп жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Көксу ауданында жерасты сулары көтеріліп жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Амандық Баталовтың есепті кездесуінде аудан шаруалары жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көксу ауданында жерасты сулары көтеріліп, егіс алқаптарын жиі басып қалуда.

«Көксу ауданы бойынша 196 шақырымды құрайтын 34 дренаж каналы бар. Осы каналдың жағдайы өте нашар. 30 жылдан астам уақыт тазаланбаған. Салдарынан егістік жерлерде жерасты сулары көтеріліп, тұзданып, қамыс басып жатыр», - деді есептік кездесуде шаруа қожалығының жетекшісі Секенбай Шеңгелбаев.

Шаруа дренажды қазу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарының дайын екенін жеткізіп, Амандық Баталовтан қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселе назарда екенін айтып, биылғы жылдың бюджетін нақтылау барысында дренажды арықтар қазуға қаржы қарастырылатынын атап өтті.

«Суармалы жерлердің бәрін қалпына келтіруге 200 млн теңге бөліп береміз. Бұл мәселені жақсы білеміз. Жұмыс жасап жатырмыз», - деді Амандық Баталов.


Соңғы жаңалықтар