Алматы облысының ерлік көрсеткен екі жол сақшысы мемлекеттік наградаға ие болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының екі жол сақшысы «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградаға ие болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция аға лейтенанттары Максим Шевченко мен Руслан Меделханов – Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция ротасының инспекторлары. Оларға қызмет барысында өз өмірлеріне қауіп төнсе де, жол апатынан зардап шеккендердің өмірін құтқарып, өзге жолаушыларды қауіпсіз жерден айналып жүруіне жағдай жасағаны «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

Мемлекет Басшысының қолы қойылған медальді екі жол сақшысына ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев табыстады. Сала басшысы қос қызметкерді құттықтап, мінсіз еңбегі мен көзсіз ерліктері үшін, полицейлердің беделін арттыруға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

«Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Жол апаты орын алған кезде біз қызметтік борышымызды өтедік. Ең алдымен адамдарды құтқаруды ғана ойладық. Өте қауіпті болғаны анық, бірақ ісімізді ерлік деп санамаймын. Біз ел алдында ант бергенде, қолдан келгенше қорған боламыз деп сендіргенбіз. Кез келген полицей осылай жасар еді! Дегенмен, мемлекеттік деңгейде бағалағаны үшін алғысымыз шексіз. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»,- деді қуаныш иесі полиция аға лейтенанты Руслан Меделханов.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай 2020 жылы 18 шілде күні Алматы – Өскемен автожолының 548 шақырымында, нақты айтқанда Үшарал қаласына кіреберісте орын алған болатын. Тежегіші істен шыққан газ тасымалдайтын Зил көлігі жолындағы полицейлердің көлігін, Мазда және Рено маркалы автокөліктерді соғып, аударылған соң өртенген. Әр секундтың маңыздылығын білген қос жол сақшысы Зил жүргізушісін қауіпсіз жерге шығарып, өзге көліктер үшін қауіпсіз айналма жолды ұйымдастырған. Дұрыс шешім қабылданғандықтан, газ көлігінің жарылысынан зардап шеккен адам жоқ. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, жүк көлігінің бөлшектері бір шақырым жерден табылған.

Соңғы жаңалықтар