Алматы облысының болашақ кәсіпкерлері бизнес-бастамаларға не кедергі екенін айтты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы бойынша «Бастау» кәсіпкерлікті оқыту жобасын 1 600-дан астам адам аяқтап, кәсіпкерлер қатарын толықтырды. Олардың 245-і осы бағдарлама аясында несиеге қол жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастау» жобасына қатысушылармен облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов пен Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Жанна Телпекбаева Іле ауданында кездескен болатын. Онда бизнесті несиелендіру, учаскелер алу, өнімді шығаратын нарықты табу секілді мәселелер де сөз болды. Палата басшысының айтуынша, «Бастау» жобасы әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда аса маңызды.

«Ауылдағы бизнесті дамытуға арналған «Бастау» жобасы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Сондықтан да Өңірлік палата мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобаларды қаржыландыру мен қолдау бойынша жан-жақты іс-шаралар қамтып жатыр», - деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.

Ал жобаға қатысушылар қаржыландырудың жетіспеушілігі бизнес-бастамаларды іске асыруда негізгі кедергі болуы мүмкін екенін айтады.

Айта кетерлігі, қазіргі күні Іле ауданында жүріп жатқан оқудың төртінші ауысымына 36 адам қатысуда. Жалпы ауданда жыл басынан бері жобаға 109 адам қатысып, оның 13-і несие алды. Өткен жылы аудан бойынша 149 жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азамат қатысты. Олардың 60-ы жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді.

Айта кетерлігі, Іле ауданы - Алматы облысындағы халық көп шоғырыланған әрі кәсіпкерліктің белсенді орталығы болып табылады. Осы себепті де аудандағы жылжымайтын мүлік бағасы жоғары, көптеген қызмет түрлері мен тауарларға сұраныс бар, өткізу нарықтары жеткілікті. Ал өңірдегі бизнес-жобалардың орташа сомасы 8-10 миллион теңгені құрайды. Осыған байланысты өңірдегі бизнес бастаушылар қаржы бөлу кезінде ауданның ерекшелігі мен әлеуетін есепке алу керектігін айтады.

Еске салып өтейік, бүгінде Алматы облысында «Бастау» жобасы бойынша 1 681 адам оқуды аяқтап, 245-і несие алды. Сонымен бірге қосымша 52 жоба мақұлданып, қаржыландыруды күту үстінде.

Соңғы жаңалықтар