Алматы облысының бақтарында 85 мың тонна алма өндіріледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Алматы облысындағы алма бақтарын аралап көрді. Атап айтқанда, өңір басшысы Амандық Баталовпен Жамбыл ауданындағы «Атек Агро» ЖШС жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серіктестік көктемде 54 гектар аумаққа 125 мың түп алма көшетін отырғызды. Баққа толығымен тамшылатып суару жүйесі жүргізілген. Мұнда атақты «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» алма сорттары өсірілуде. Кәсіпорын басшысы Жанат Алтынғадысұлының айтуынша, тамшылатып суару арқылы үш жылдан кейін әр гектардан 30-45 тонна өнім жинауға болады. Тамшылатып суару қондырғылары Израильден әкелінсе, алма көшеттері Түркия елінен алынған. Қазіргі таңда бақтағы агротехникалық жұмыстарды түрік мамандары жүргізіп жатыр.


«Жалпы бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте өнімді өсіру, екінші кезең ұзақ уақытқа сақтау және үшіншісі – өңдеу. Сондықтан біз өнімнің бір бөлігін жергілікті нарықта сатып, басым бөлігін өндіріске жібереміз», - дейді Жанат Алтынғадысұлы.


Жобаның құны 850 млн теңге. Қаражаттың бір бөлігін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ берсе, бір бөлігі шаруаның жеке қаржысы. Алма бағы 75 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы Алматы облысының бау-бақша аумағы - 23 мың гектар. Өткен жылы жеміс-жидек және жүзім бақтарынан барлығы 126 мың тонна өнім алынды. Оның ішінде 85 мың тоннасы – алма.





Соңғы жаңалықтар