Алматы облысының автожолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономиканың барынша өзекті элементтерінің бірі жол инфрақұрылымы екендігі белгілі. Осы ретте Алматы облысы жолының жай-күйі жайында ҚазАқпарат тілшісіне өңірдің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев тарқата айтып берді.

Ағымдағы жылы жол жабындысының өнімділігін арттыру және облыс жолдарын күтіп ұстау үшін 16 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,8 млрд, ал жергілікті бюджеттен 11,2 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша өңірлік жолдардың 78 пайызының жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар көлік жолының ұзындығы 9637,8 шақырымды құрайды. Оның 2850 шақырымы республикалық, 6138,6 шақырымы облыстық және 649 шақырымы аудандық маңызы бар.

Ағымдағы жылы облыс орталығының көше жолдарын күтіп ұстауға және жөндеуге 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қаланың ұзындығы 25,7 шақырымды құрайтын 28 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жұмысшылар бригадасы 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 51 көшеге қиыршық тас жабындысын төсеген. Мұнан бөлек, қазіргі уақытта қаланың 78 көшесінің асфальт жабындысын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Туристік кластерді дамыту мақсатында өңірде келесі жобалар әзірленіп, жүзеге асырылды: «Ақши ауылынан Алакөл көлік жағалауында орналасқан демалыс аймақтарына дейін» автомобиль жолдары жаңғыртылды, сонымен қатар Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына апаратын «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолының 0-110 шақырымын, «Алматы-Өскемен-Қыз қайың-Лепсі» жолының 113-117 шақырымын, «Лепсі-Балқаш көлі» жолының 0-27 шақырымын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», - деп атап өтті Ержан Жасыбаев.

Айта кетерлігі, биыл «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай», «Алматы-Өскемен-Қызыл Қайың-Лепсі» автомобиль жолдары учаскесінде темір-бетон құбырлар төсеу, көпірлер салу жұмыстарына дайындық басталып кеткен. Бұл жұмыстарды 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Облыс орталығының Қазақстан, Қабанбай батыр, Гауһар ана көшелеріне ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қалажолқұрылыс» ЖШС-ның прорабы Жандос Тұрысбековтің айтуынша, компания биыл 2,4 шақырым жолды жөндеу тендерін жеңіп алған.

«Жартысын жөндеп үлгердік. Асфальт өзіміздің жергілікті зауыттан шығады. Жұмыстарды 26 наурызда бастаған едік, қазанның соңына дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта 120 адам жұмыс істеп жатыр, 38 техника жұмылдырылған. Бұл жерлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Асфальттың қалыңдығы 17 см құрайды», - деді Жандос Тұрысбеков.

Жалпы облыс аумағында 39,2 шақырым автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, қазіргі уақытта оның 21 шақырымында жұмыстар аяқталған. Атап айтқанда, Қарасай ауданында «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш-Прудки-Қырғызстан шекарасы, Шамалған стансасына кіре беріс» және Жамбыл ауданында «Алматы-Шамалған-Прудки-Қырғызстан шекарасы, Жамбыл музейіне кіре беріс» автомобиль жолдары толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны 360 млн теңгені құрайды.

Облысқа қарасты 17 аудандық және 2 қала маңы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 2 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Жергілікті билік органдары таяу уақытта басты көшелерді ғана емес, сонымен қатар шеткері жолдарды да жөндеуге уәде беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар