Алматы облысының әкіміне 5 мың ірі қара малды бордақылау алаңы көрсетілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Балқаш ауданына барды, деп хабарлайды аймақ әкімінің баспасөз қызметінен.

Әкім бірінші кезекте «ОтесБио Азия» ЖШС-нің Ақдала ауылында орналасқан мал бордақылау алаңына барды. Оның жалпы аумағы - 17,68 га. Оны құруға 2,5 млрд. теңге жұмсалған, барлық қаражат толық игеріліп, кешен өз жұмысын 2011 жылы бастады.

Серіктестік директоры Дүйсен Нұрлановтың айтуынша, бордақылау алаңы ірі қара малдың 5000 басына арналған. Қазіргі кезеңде "Қаз Агро Өнім" АҚ-ның көмегімен жас бұқаларды бордақылайтын орынға дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң «Сыбаға» бағдарламасының аясында тағы 1900 бас мал сатып алынады. Аймақ басшысы сапарының барысында сондай-ақ заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған мал соятын цехты қарап шықты.

Одан кейін Амандық Баталов Бақанас ауылындағы аграрлық-индустриялық колледжге барып, онда аспазшы, шаштараз, көлік жөндеу қызметкерлері, ауылшаруашылық өндірісінің тракторшы-машинистерін даярлайтын бірнеше оқыту сыныбының жұмысымен танысты. Колледж директоры Бекберген Елубаевтың атап өтуінше, биылғы оқу жылында 216 студент білім алуда. Мұнда шеберханалар мен 200 орынға арналған жатақхана бар.

Облыс әкімі қазіргі кезде өңірдегі нарық талаптарына орай орта білімі бар кәсіби мамандарды даярлау қажет екендігін атап өтті.

Одан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аудан әкімі Бейсеғали Жүнісовтің тұрғындар алдындағы есеп беруіне қатысты.

Соңғы жаңалықтар