Алматы облысының әкімі сахнада ән шырқады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күнінде Алматы облысының әкімі Амандық  Баталов ардагерлер құрметіне ерекше тарту жасады. 

Ыстық тілегін, құттықтауын жеткізгеннен кейін өңір басшысы ән шырқады.  Оның сахна төрінде көрсеткен  өнеріне жиналған жұртшылық тәнті болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл Жеңіс біздің батыр әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандық ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бұл қастерлі Жеңіс күні - аға ұрпақтың өшпес ерлігінің, ерен еңбегінің мәңгілік символы! Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де - Ұлы Жеңістің жемісі. Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлерімізді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету біздің, яғни кейінгі ұрпақтың ең басты парызы» екенін атап өткен А.Баталов, сөзінің соңында ардагерлердің құрметіне арнап Владимир Высоцкийдің сөзіне жазылған «Он не вернулся из боя» атты әнді орындап берді.  

Алматы облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 120 мың сарбаз аттанды. Оның тең жартысы оралмады. Қазіргі таңда Жетісу өңірінде 190 соғыс ардагері мен 13 мың тыл еңбеккері бар. Талдықорғанда Ұлы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Өңір басшыларымен бірге соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қоғамдық ұйым өкілдері соғыстан қайтпай қалған сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне арналған шаралар Жастар саябағында өз жалғасын тапты. Қала тұрғындары мен қонақтарына театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық ат спорты ойындары өтті.

Кешке мерекелік шаралар концертпен және отшашумен аяқталады. 

1 

Соңғы жаңалықтар