Алматы облысының әкімдігі бұрынғы казино ғимаратына көшті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысы әкімдігінің аппараты Қонаев қаласындағы бұрынғы ойынхана ғимаратына көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облысының әкімдігі Индустриальная көшесі, 16/4 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимаратқа көшті. Ғимараттың жалпы ауданы – 11 891,8 шаршы метр. Бұл ғимаратта бұрын казино болған. Ол жер ұзақ уақыт бос тұрды», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, ғимаратта әкім аппаратынан бөлек Алматы облысының мемлекеттік қызмет көрсететін бірқатар басқармасы орналасты.

Алматы облыстық әкімдігінің мәліметінше, ғимаратты жалға алу және сатып алу құны нарықтағы бағадан төмен. Алдағы уақытта оны сатып алу көзделіп отыр.

Бұған дейін Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев шаһар келбеті қалай өзгеретінін айтып берген болатын.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Алматы облысы екіге бөлінді. Мамыр айында Президент Жарлығымен Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесуінде өңірді дамытудың басым бағыттарын айқындап берген еді.


Соңғы жаңалықтар