Алматы облысының 2017 жылдағы 7 жетістігі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы - аграрлы аймақ. Шыбық қадасаң шынар өсетін құнарлы өңірдің бірі. Тек ауыл шаруашылығында ғана 600 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Республика бойынша жалпы үлес -17,2 пайызды құрады. Жетісулықтардың тауық жылындағы 7 жетістігін назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 жыл қаңырап тұрған Ақсу қант зауыты іске қосылды
null null 

Алматы облысында Елбасының тікелей тапсырмасымен қант қызылшасы қайта жаңғыруда. Биыл өңір 9 мың гектар жерге тәтті түбір егіп, 350 мың тонна өнім алды. Одан таза 35 мың тонна қант шығару жоспарлануда. Облыста қант қызылшасын егіп жатқан шаруалар көп болғанмен бірақ, өнімді өткізетін тек бір-ақ зауыт жұмыс істеді. Арысы Алакөлден берісі Қапшағайдан шаруалар Талдықорған іргесіндегі Көксу қант зауытына өнімдерін таситын. Шығын көлемі де айтарлықтай еді. Ал биыл көптен күткен «Ақсу қант» зауыты іске қосылды. 10 жыл бойы тоқтап, қаңырап тұрған мекеменің жұмысын жандандыру мақсатында өңірдің жауапты мамандары біраз тер төкті. Инвестор таппай да қиналды. Бірақ, тапсырма тиянақты орындалды. Бұл жұмыстарға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 3 млрд  теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» ӘКК тарапынан бөлінді. Енді «Ақсу қант» зауытында  биылғы маусымда 80 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 6 мың тонна қант алу жоспарланып отыр.

Үшаралда жаңа әуежай ашылды 
null 

Ну десе нуы, көл десе көлі, тау десе тауы бар Жер жәннаты атанған Жетісу жері туризм саласын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі. Биыл  айдынды Алакөлге келген демалушылардың саны 750 мыңнан асты. Былтыр бұл көрсеткіш 450 мың төңірегінде болатын. Осы туризм саласын дамыту мақсатында Үшарал əуежайының  құрылысына облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Қазір Астана мен Талдықорғанның туристері көлге ұшақпен жете алады. Әуежай көлден 80 шақырым жерде орналасқан. Айта кету керек, Алакөлдегі туризмді  дамыту арнайы бас жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Қазіргі таңда демалыс аймағының ішкі жолдары жөнделіп, жарық жүйелері тартылған. Бүгінде бұл аймақта туризм бағыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. Алакөлге халық ұшақпен де, пойызбен де қатынай алады. Ақши ауылында жаңа вокзалдың құрылысы аяқталуға жақын.

2017 жылы Талдықорғанға газ келді 
null   

Жетісулықтардың келесі жетістігі - кешенді газдандыру саласында.  Алматы облысында 741 елді мекен бар. 2 жыл бұрын бар-жоғы 73-інде ғана табиғи газ бар еді. Биыл, 120 дан астамы көгілдір отынмен қамтылды. Облыс билігі алдағы 3 жылда табиғи газбен қамту көрсеткішін 51 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. 2017 жылы Талдықорғанға алғаш газ келді. Алматы қаласының табиғи көгілдір отынның игілігін көргеніне 50 жылдай болды. Жетісудың бас қаласына жарты ғасырдан соң жетті. Өркениет игілігіне қол жеткізгендер қатарында тағы да бірнеше аудан тұрғындары бар.

Қазақстанның 18  миллионыншы тұрғыны Талдықорғанда дүниеге келді
null 
null 

Тауық жылындағы тағы бір айтарлықтай оқиғаның бірі ол еліміздің 18 миллионыншы тұрғынының Талдықорғанда дүниеге келуі. Нәрестенің салмағы 3300 грамм, бойы 51 см. Мүслима Саматқызының ата-анасына  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үш бөлмелі пәтер кілтін талдықорғандықтардың алдында салтанатты түрде табыс етті. Барша қазақстандықтардың қуанышын еселеген сәби - отбасының екінші баласы.   Мүслиманың анасы Омарxанова Диана Ерікқызы 1991 жылғы,  мамандығы - дефектолог.Ал  әкесі  Бестібаев Самат Еркінбекұлы  1982 жылғы, мамандығы -  ұстаз.

Айта кету керек, тауық жылында Алматы облысындағы жалпы халық саны Наурыз айында ресми түрде 2 миллионға жетті. 2 миллионыншы тұрғын  Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келді. Ұлыстың ұлы мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында жарық дүние есігін ашқан сәбидің ата-анасын өңір басшысы Амандық Баталов арнайы барып құттықтап, екі бөлмелі пəтердің кілтін табыс еткен болатын. Жас отбасы Амандық Ғаббасұлынан сәбилеріне ат қоюын сұрап, өңір басышысы екі миллионыншы тұрғынының есімін «Нұрсұлтан» деп қойды. Жалпы Жетісу жерінде жылына орта есеппен 40-45 мың сәби дүниеге келуде. 

Жетісулықтар «Рухани жаңғыруға» жемісті атсалысты

null

 null null

Биылғы жыл Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының халыққа жол тартуымен ерекшеленді. Алматы облысында «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық кешені - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған алғашқы нысандардың бірі. Кешен-жетісулық меценаттардың батыр бабалар рухына тағзымының белгісі. Ұрпаққа тартуы. Музейде сақтар, ғұндар, Алаш орда дәуірінен тәуелсіз Қазақстан тарихына дейінгі тарих тұтас қамтылған. Ұлт рухының алтын қазығы - хандар, билер суреттері ілулі. Сондай-ақ Қарасай ауданының Шамалған ауылында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Мемлекет басшысының туған жерінде салынған кешенге Ұлт көшбасшысының өмірі мен қызметі, шығармашылығы және саяси жолын айшықтайтын жаңа экспонаттар қойылды. Салтанатты шарада ерекше сый ретінде Мемлекет басшысы пайдаланған алғашқы үкіметтік автокөлік тарту етілді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққалы аймақта 4,5 мыңға жуық тағылымдық маңызы бар түрлі іс-шара өтіп, 800 мыңдай адам қамтылған.

Талдықорған жылдағыдан өркендей түсті
null null 

Жетісудың бас қаласы үшін тауық жылы да табыс жылы болды. Облыс халқына ерекше қуаныш сыйлаған сәттер аз болған жоқ. Қалада жаңадан бой көтерген алтыншы және жетінші шағын аудандарында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Баспаналы болып, қуаныштары еселеніп жатқан халықтың саны артуда. Талдықорған қаласы жылдан жылға жаңа нысандар мен сәулетті ғимараттармен толығуда. Бірі - қалада бірден 3 үлкен ғимараттың іргесі қалануы. Салтанат сарайы мен Көрме кешені көз қуантып қараша айында қатарынан қолданысқа берілді. Талдықорғандық жас жұбайлар некелерін бұдан былай үлкен салтанат сарайында қияды. Жаңа неке сарайы сәулеті жағынан қалаға ерекше көрік беріп қана қоймай, азаматтық хал актілерін тіркеп, 8 түрлі қызмет көрсетеді. Ал  Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан көрме алаңының құны 1,2 млрд теңге. 4,5 мың шаршы метр аумақта кәсіпорындар өз өнімдерін жұрт назарына ұсына алады. Екінші қабатында білікті мамандар кәсіпкерлерге әр түрлі қызметтер көрсетеді. Ал  драма театрдың құрылысы аяқталуға жақын.

Елімізде тұңғыш рет ауылдық учаскелік полицейлерге кеңсе мен баспана салынды
null 

Алматы облысында ауылдағы учаскелік полиция қызметінің тірек пункттері ашылды. Қазақстанда теңдесі жоқ бұл пункттердің басты ерекшелігі тәртіп сақшысының үйі де, кеңсесі де бір ғимаратта орналасқан. Осы уақытқа дейін учаскелік полицейлер ауыл әкімдігінің бір бөлмесін паналайтын. Сондай-ақ тағайындалған елді-мекенде баспана мәселесі де қиын болатын. Жетісу жеріндегі жаңа бастама полиция қызметкеріне де, ауыл тұрғындарына да ыңғайлы. Инспектор өз жұмыс орнынан табылып, отбасының қамына  алаңдамайды. Биыл 63 тірек пункті ашылды. Ғимараттар құрылысына облыс бюджетінен 1,2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Соңғы жаңалықтар