Алматы облысындағы ұшақ апатынан кейін аэродром басшысы қашып кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі 2017 жылы тіркелген Tecnam-P2002-JF ұшағының апат салдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - жеке аэродром. Сол себепті, кәсіпкерлердің ісіне араласа алмаймыз. Аталмыш жағдайдан кейін оқу-жаттығу сипаттағы ұшу сапарлары ол жерде тоқтатылды. Ол жерде шағын әуе кемелеріне көкке көтерілуге рұқсат бар. Тау аэродромы күрделі. Бұл жерде ұшу әдісін реттеп отыратын тәжірибелі ұшқыш керек», - дейді ҚР ИИДМ әуе апаттары мен оқиғаларды тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, тергеу амалдарының арқасында «Азем» аэродромынан 30-ға тарта заңбұзушылық анықталған.

«Олар (апаттан көз жұмғандар - авт.) метеожағдайы жайлы жерді таңдап алуы керек болатын. Ол жерде тіпті ұшу кезінде бағыт үй жаққа қарата таңдалған. Тек кездейсоқта ұшақ үйлердің ортасына түскен», - дейді ол.

Спикердің айтуына қарағанда, аталмыш аэродромның басшысы қазіргі таңда қашып жүр.

«Бұл ЖШС-ның басшысы қазір қашып жүр. Апатқа ұшыраған ұшақтың қозғалтқыштарының бөліктерін сараптамадан өткізу үшін Австрияға, Италияға - құраған зауыттарға жіберуге тура келді. Осы себепті, тергеу амалдары ұзаққа созылып кетті», - дейді Н.Жұмасұлтанов.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 тамызында «Азем» аэродромында Tecnam-P2002-JF әуе кемесі апатқа ұшырап, пилот, нұсқаушы және курсант қайтыс болған еді. Ал бүгін ҚР ИИДМ әуе апаттары мен оқиғаларды тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов 2017 жылы 10 тамызда Алматы облысында тіркеу нөмірі UP-LA231 Tecnam-P2002-JF әуе кемесінің әуе апатына қатысты тергеу аяқталғанын жария етті.

Соңғы жаңалықтар