Алматы облысындағы мешіт имамдарының білімін жетілдіру қажет

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Алматы облысында 438 мешіт имандылық мекені болып, мүміндерге есігін айқара ашып отыр. Осы мешіттерде 533 имам дін жолында қызмет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл деректер Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Министр облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге облыстық дін істері басқармасының жанынан ашылған орталықтардың жұмысымен танысты. Ашылғанына көп болмаған дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы мен діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы қазіргі таңда өзекті жұмыс атқарып отыр. Әсіресе, деструктивті ағым ұстанушыларымен жеке жұмыс жүргізудің арқасында теріс діни ағым жетегінде жүрген жастардың көзқарас өзгертіп, қалыпты өмірге оралтуға қол жетті.

Министрдің сапарына орай облыс әкімі Амандық Баталов өңірде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Өңірде конфессияаралық тұрақтылық пен келісімді сақтау бағытында нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Ал өзекті мәселе ретінде имамдардың білімін жетілдіру мен кадрлық мәселелерді шешу жайы айтылды.

Есеп бойынша тіркелген мешіттердегі 533 имамның жүз елу төртінде ғана жоғары діни білім бар. Ал 88 дін қызметкері медресе бітірген болса, арнайы оқыту курстарынан өткендердің саны - 219. Сондай-ақ, орта білімді 71 имам уағыз айтып жүр. Жалпы, өңірде дін мамандарына деген сұраныс бар. Қазір облыстағы 11 мешітке имам жетіспейді екен.

Соңғы жаңалықтар