Алматы облысындағы мектеп оқушысының өзіне қол салу әрекеті: прокурорлар кінәлілерді атады

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысының прокурорлары 4-сынып оқушысының өз-өзіне қол салуға әрекеттенуіне әкеп соқтырған мәселеге байланысты кінәлілерді жазалау туралы ұсыныс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«11 қыркүйекте Алматы облысы Талғар ауданының прокуратурасы облыстық білім басқармасына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіп, аудандық білім бөліміне, мектеп әкімшілігіне, сынып жетекшісі мен психологқа тиімді шара қолдануды, сондай-ақ материалды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аудандық комиссияның қарауына беру туралы айтты», - деп хабарлады Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ аудан прокуратурасының қызметкерлері уәкілетті органдармен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептің мәжіліс залында дәрістер өткізуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, 11 қыркүйекте Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында бастауыш сынып оқушысы бір қорап дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақ болған.

Полицейлер қазіргі уақытта істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерделеу үшін сараптамалар тағайындалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар