Алматы облысындағы медициналық орталық медкітапша сатқан

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының арнайы мониторингтік тобы «Жетісу - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп денсаулық сақтау саласындағы заңсыздықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасырын сатып алушы Алматы облысының жекеменшік медициналық орталықтарының бірінде медициналық кітапшаны 1600 теңгеге сатып алды. Ал ол жерде міндетті медициналық тексеру жүргізілмеді. Яғни, рентгенологиялық тексеру (флюорография), венерологиялық ауруларға зертханалық зерттеу, патогенді стафилококты тасымалдауды, гельминт жұмыртқасын бактериологиялық зерттеу және вирусты гепатиттердің маркерлеріне тексеруді жүргізбестен мекеме қызметкері медициналық кітапшаны 1600 теңгеге сатып жіберді. Бұл жерде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексін бұзылды. Сондай-ақ, «Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу» қағидаларында көрсетілген талап сақталмады», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің өкілі Сымбат Исрапулова.

Сонымен қатар, аталған медициналық орталық Қазақстан Республикасының Салық заңнамасын да бұзған. Яғни, ақы төленгеннен кейін фискальды чекті де бермеген.

«Жүргізілген мониторинг денсаулық сақтау саласы сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдері бар жетекші салалардың бірі болып қалатынын көрсетті.

Осыған байланысты, «Жетісу - адалдық алаңы» жоблық кеңсесімен медициналық кітапшаларды электрондық денсаулық сақтау төлқұжатына қосу арқылы қағаз нысанында беруді алып тастау ұсынылады», - деді Сымбат Исрапулова.

Соңғы жаңалықтар