Алматы облысындағы аудандық ауруханада ана мен бала қайтыс болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында аудандық ауруханада ана мен бала көз жұмды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұм болған Айжан Шепенованың туыстары қайғылы жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр.

Сөздерінше, жүктіліктің 41 аптасы толған әйелді бір апта бойы перзентханада босандырмай, жатқызып қойған. Ал Айжанның өзі дәрігерлер салған толғақ дәрісінен кейін де толғағы келмей жатқанын жақындарына ватсап арқылы жеткізген. Марқұмның жақындары Айжанның денсаулығына дәл осы толғақ дәрісі кері әсер берді дейді. Себебі, толғақтың дәрісін салған әйелге кесір тілігін жасағаннан кейін қан тоқтамай, ана да, бала да көз жұмды деп отыр.

«Балаға да, өзіне де дәрігерлер қарамаған. Қарамағандықтан өлтіріп отыр. Бала ішінде қансырап тұншығып өлді. Содан бізге айтпаған, хабарламаған, күйеуі тыным таппағаннан кейін түнгі он екі жарымда барса, атам заманда қайтыс болып кеткен. Ешқайсысы қарамай өлтіріп отыр», - деді Марқұм Айжан Шепенованың енесі Дәмет Ерментаева.

Марқұмның жақындары ана мен баланың қайтыс болғанын дәрігерлер хабарламады деп қапалы. Ол аздай, Сарыөзектен Талдықорғанға баланың да, ананың да мүрдесін марқұмның жақындары өздері әкеліпті. Ешбір құжатсыз берілген мәйітті мәйітханадағылар қабылдамай, әлекке түскен. Ал дәрігерлер ана мен баланың өмірін сақтап қалуға тырыстық дейді.

«Сарыөзек орталық ауруханасына 1-қазан түсті. 7-қазан айында толғағы басталды. Сағат 18:30 нан кейін жағдайы нашарлап, қан қысымы төмендеп кетті. Шұғыл түрде кесір тілігіне операцияға алынды. Операция кезінде жүрегі тоқтап қалды. Барлық реанимациялық шаралар жасалды. Бірақ соған қарамастан сағат 21:45 те әйел қайтыс болды», - деді Кербұлақ аудандық ауруханасының дәрігері Гүлнәр Тыныбаева.

Сарыөзектегі ауруханаға төртінші баласын босанамын деп барып, сәбиімен бірге қайтыс болған Айжан Шепенова мұғалім. Денсаулығына еш уақытта шағым айтып көрмепті. Марқұмның артында үш бірдей ұлы, жары қалды. Айжанның отбасы аудандық прокуратураға арыз жазған.


Соңғы жаңалықтар