Алматы облысындағы Алакөлге туристер коронавируске тест тапсырмай бара алады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -Алматы облысының аумағында орналасқан Алакөлге туристер коронавируске тест тапсырмай-ақ бара алады. Бұл өңірде Шығыс Қазақстан облысындағыдай анықтама талап етілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірақ демалыс орындарында санитарлық талаптар күшейеді. Енді Алакөлге келген туристер де, демалыс орындарындағы қызметкерлер де адам көп шоғырланған жерлерде медициналық маска тағып жүруге міндетті.

Сондай-ақ әр өңірден келген туристерді бір бөлмеге жатқызуға тыйым салынады. Демалушылардың тамақтанатын, жатын орындары 1,5-2 метрлік арақашықтықты сақтап, санитайзерлермен қамтамасыз етілуі тиіс. Жалпы бұл туристік аймақта ресми тіркелген 250-ге жуық демалыс орындары бар. Ол жерлерде былтыр 1 млн 300 мыңнан аса турист демалған. Оларға көрсетілген ақылы қызметтің құны 8 млрд теңгеге жуықтаған.

«13 маусымнан Алакөлдегі басқа жерлердегі демалыс орындары ашыла бастайды. Арнайы комиссияның шешімімен COVID -19 ға анықтама сұрамайтын болдық. Оның орнына талапты күшейтеміз. Демалыс орындарының қызметкерлерін жаңа форматта дайындайтын болады. Демалушыларды қалай қарсы алу керек, тепловизормен қалай жұмыс істеу керек, анкета қалай толтыру керек, соның бәрін үйрететін боламыз. Егер дайын болса жаңағы базаларға рұқсат береміз, дайын болмаса рұқсат берілмейтін болады», - деді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов.

Естеріңізге сала кетсек, Үржар ауданындағы Алакөл аймағы 13 маусымнан бастап демалушыларды қабылдайды.

Сондай-ақ, Алакөлге жолдамалар сату басталды.


Фото: aquarida-tour.kz
Соңғы жаңалықтар