Алматы облысындағы әкім сайлауы: Бір орынға 3 адам таласуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысындағы сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық өңірдегі аудан әкімдерін сайлау барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облысында 71 ауылдық округ әкімін сайдау 20 ауданның 17-сінде тағайындалған болатын. Бұл ретте 60 әкім өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, 11-і – өкілеттік мерзімдерінің бұрын тоқтатылуына байланысты сайланатын болады. Тіркелген 235 үміткерге сайлаушылар бүгін дауыс беруде», - деді Қ. Жақсылық «24 Хабар» телеарнасында өткен брифингте.

Бұған дейін хабарланғандай, облыста 82 үміткер саяси партиялардан, ал 153 адам – өзін-өзі ұсынғандар болып отыр. Орташа бәсекелестік – бір орынға 3,3 адам. Барлық округтерге үміткерлер саны үштен көп.

«Сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2021 жылдың 25 шілдесіндегі сағат 10:00-де сайлау бюллентерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 17 пайызы алды. Немесе 38 783 адам дауыс берді. Біздің облыстың тұрғындары дәстүрлі түрде жоғары электоралдық белсенділік танытып отыр», - дейді Қаһарман Жақсылық.

Айта кетейік, бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, барлығы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Олардың 2297-і тіркеуден өткен.

Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған.

Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр.


Соңғы жаңалықтар