Алматы облысында жылына 8 мың тонна ет өңдейтін комбинат салынып жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Сапар барысында облыс басшысы бірқатар маңызды нысандар мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

А. Баталов алдымен «Империя Фуд» ЖШС ет комбинатының құрылысымен танысты. «Империя Фут» серіктестігі былтырдан бері инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгені құрайтын ет өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде. Нысан жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Бұл жобаның қуаттылығы жылына 8 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы болмақ. Зауытқа дейін инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 80,1 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Серіктестік бұған дейін инвестициялық құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын мал бордақылау алаңын салды.  Жыл басынан бері 55 тоннаға жуық ет өткізілген.

Мұнан кейін облыс әкімі А. Баталов Қасымбек ауылындағы «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС жарық-электр техникаларын және металл бұйымдарын шығаратын зауытына атбасын тіреді. Зауыт 2012 жылдан бері жұмыс істейді.

Бас директоры Диас Құрмашевтің айтуынша, зауытта светодиодты шырақтардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған шамдар да бар. Сонымен қатар парталар, көшеге, саябақтарға арналған орындықтар, кеңсе сейфтері жəне басқа да бұйымдар шығарады. Зауыт айына 200 мың бірлік өнім шығарып отыр. Бұл еліміздегі нарық сұранысының 70 %-ын қамтып отыр. Зауыттың өнімдері таяу шетелдерге, сонымен қатар Парсы шығанағы мен Латын Америкасына экспортталады. 2016 жылы Дубай мен Панама қалаларында филиалдары ашылған. Өндірілген өнімдегі қазақстандық мазмұн 92% құрайды. Жыл сайын зауыттың техникалық жарақтандырылуына 500 млн. теңге инвестиция тартылады. Зауытта 220 жұмысшы бар. Облыс басшысы А. Баталов осындай сапалы дүниелерді Талдықорған қаласын көркейту жұмыстарына қолдануды қарастыруды орынбасары А. Байжановқа тапсырды.

Соңғы жаңалықтар