Алматы облысында жылқы ұрлаған шетел азаматы ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында мал ұрлады деген күдікпен шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қылмыстық іс материалдарына сенсек, күдікті – 25 жастағы Өзбекстан азаматы.

Өткен жылдың маусым айында Жамбыл ауданы полицейлеріне жергілікті шаруалардың бірі шағымданып келді. Айтуынша, 4 жылқысы қолды болған. Полицейлер бірден таяуда ғана ештеңе түсіндірмей, шаруа қожалығындағы жұмысынан шығып кеткен малшыдан күдіктенді.

«Жедел іздестіру кезінде жылқыларды көршілес Жамбыл облысынан таптық. Кейін анықталғандай, Өзбекстан азаматы 4 жылқыны мал базарына апарып сатып, 1 млн теңге пайда көрген. Жас жігіт бір жылдан астам уақыт тәртіп сақшыларынан жасырынып, әр жерге көшіп отырды. Таяуда күдікті Алматы маңындағы базарлардың бірінде қолға түсті», - деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктінің сондай-ақ Қаншеңгел ауылындағы мотоцикл ұрлығына қатысы бар болып шықты. Мотоцикл табылып, иесіне қайтарылды.

«Азаматтың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Қамауға алынған. Одан бөлек, көші-қон заңын бұзғаны үшін де жауапқа тартылады» дейді баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар