Алматы облысында жолдарды күтіп ұстамаған компаниялар жауапқа тартылуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында автожолдарға жауапты тұлғалар жаппай жауапкершілікке тартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алакөл ауданы полиция бөлімінің Жол-техникалық инспекция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында республикалық және аудандық автожолдар мен көшелерде қысқы мезгілдегі жолды тазарту жұмыстарының сапасына тексеру жүргізді.

Тексеру барысында «Арқарлы ауылына кірер жол» және «Енбекші ауылына кірер жол» жергілікті маңыздағы автожолдары тиісті деңгейде тазартылмағаны анықталды. Оларды күтіп ұстауға жауапты «Алакөлжолдары» ЖШС-ға ҚР ӘҚБК-нің 631-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ компанияға анықталған кемшіліктерді жою туралы ұйғарым жолданды.

Биылғы жыл басынан Алакөл АПБ Әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері жол жөндеу және жолдарды күтіп ұстауға жауапты мекемелерге анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 93 ұйғарым жолдаған. Аудан аумағындағы көше жол желілері мен автомобиль жолдарын күтіп ұстау талаптарын және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларында белгіленген өзге де талаптарды орындамағандары үшін 6 жол мекемесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолдың қауіпсіздігі үшін жылдамдық режимін және жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Өйткені, қысқы жолдағы елеусіз қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында автожолға тазарту жұмыстарын дұрыс жүргізбеген ұйымға 83 мың теңге айыппұл салынған еді.


Соңғы жаңалықтар