Алматы облысында жоғалған бойжеткен бес күннен бері табылмай жатыр
2016 жылғы 11 қараша 14:30

Алматы облысында жоғалған бойжеткен бес күннен бері табылмай жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысына қарасты Үшарал қаласының тұрғыны Анастасия Абаимованың жоғалғанына бүгін бесінші күн. 18 жастағы қыз 7 қараша күні таңертең оқуына кетіп, оралмаған. Қыздың ұялы телефоны да өшірулі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанұя мүшелері Үшарал қаласының ІІБ-не барып, баласының жоғалғандығы жөнінде арызданған. Алайда, нәтиже бермей тұр, дейді олар. Айдің күннің аманында баласынан айырылған Ольга бақсы-балгерлердің көмегіне жүгінген. Олардың болжауынша, «қызды ұзын бойлы ер жігіт пен екі әйел көлікке отырғызып, алып кеткен, әрі қазір Алматыда қол-аяғын байлап ұстап отыр-мыс».

Мұндай сұмдықты естіген Ольга Данилинадан тіптен маза қашты. «Балама не істеп жатыр, білмеймін. Бес күн болды, аузыма дәм де алмадым», - деген анасының бар тілеуі қызының амандығы.

Ал Анастасия Үшарал қаласындағы колледждердің бірінде оқиды. 1998 жылғы. 27 қазанда 18 жасқа толған. Қазір кез-келген ақпарат оның отбасы үшін маңызды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған жанұя қыздарының аман келетініне үмітті. Қандай да бір ақпарат білсеңіздер, осы нөмірге хабарласуларыңызға болады - 8771 055 25 82.

Jańalyqtar

MURAǴAT