Алматы облысында жоғалған 700-ге жуық мал иесіне қайтарылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының аумағында жыл басынан бері мал ұрлығын кәсіп қылған 59 қылмыстық топтың мүшелері құрықталды. Полицейлер бұлтартпас айғақтар арқылы олардың 130-дан астам мал ұрлығына қатысы барын дәлелдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл облыста малдың қолды болу дерегі былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға азайған. Себебі, облыс аумағында тәртіп сақшылары ұсынған «Малшы – мал иесі – атқарушы орган» атты әлеуметтік жобасы өз нәтижесін беруде. Аталған жобаның басты мақсаты – мал иесі мен малшының жауапкершілігін арттыру және барымташылар үшін оңай олжа болатын қараусыз малды бақташысыз қалдырмау. Осы кезге дейін облыста бес мыңға жуық адам бағдарлама бойынша келісімге келіп, өз мүлкінің амандығын қамтамасыз етті.

«Малшы – мал иесі – атқарушы орган» бағдарламасы қабылданғалы жайылымдағы малдың жоғалу дерегі едәуір азайды. Салыстырмалы түрде, 2017 жылы 460-қа жуық дерек тіркелсе, биыл жайылымнан жоғалған мал бойынша 148 факті орын алды. Аталған қылмыстарға қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша кең ауқымды жұмыстар атқарылуда»,- деп атап өтті облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерғали Әбілғазиев.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы өрістеп дамыған облыста биыл тәртіп сақшылары 700-ге жуық қолды болған малды иелеріне қайтарып, 80 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өндірілген.

Соңғы жаңалықтар