Алматы облысында жоғалған 13 жасар баланы іздеу жұмыстары тоқтатылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бір ай бұрын жоғалып кеткен 13 жасар Иса Бекбаевты іздеу жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиға 29 маусымда тіркелді. Бала әлі табылған жоқ. Іздестіру жұмыстарын тоқтаттық. Ереже бойынша 10 күн іздеуіміз керек еді. Одан кейін ата-анасының өтінішімен тағы 6 күн іздедік. Қосымша жедел-құтқару жасағы жұмылдырылған болатын. Атап айқанда, сүңгуірлер, Үштөбе қаласының өрт сөндіру қызметі мен Қаратал аудандық Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің қызметкерлері атсалысты», - деді өңірдің ТЖД ресми өкілі Азамат Жұртбаев.

Жергілікті полицияның айтуынша, бала балық аулап жүріп, досының көзінше суға батып кеткен-мыс.

«Иса Бекбаев досының көзінше суға кеткен. Іздеу жұмыстарын ТЖД жүргізіп жатыр. Олар қол жетпейтін жерлерден, судан іздестіріп жатыр. Бұйрыққа сәйкес, біз жүрген жері анықталмаған із-түссіз жоғалған адамдарды іздейміз. Мысалы, адам үйден кетіп, қайтып келмеуі мүмкін. Ал біз қолға алған істе адамның суға кету фактісі расталып отырғандықтан, іздестіру жұмыстарын тоқтатуға тура келді. Куәгерлер бар, сондықтан ары қарай іздеуді қоямыз. Сондай-ақ, жанында балық аулауға бірге барған бала болған. Досы құтқарып қалуға тырысқанмен, бала ағысқа қарсы тұра алмай, батып кеткен», - дейді Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің  басшысы Сергей Незнаев.

Еске салайық. Иса Бекбаевтың жоғалғаны туралы ақпаратты ғаламтор желісінің пайдаланушылары салған еді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, бала Қаратал өзеніне батып кеткен.

Соңғы жаңалықтар