Алматы облысында желтоқсанда 36 нысан іске қосылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесіне орай жаңадан 36 нысан ашылатыны жоспарланған. Нәтижесінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған 36 нысанның 12-сі 1 желтоқсан, ал қалғаны 16 желтоқсан мерекесіне орай есігін айқара ашпақ. Олардың қатарында медицина, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының нысандары мен тұрғын үйлер бар.

Атап айтқанда, 1 желтоқсан қарсаңында Кербұлақ ауданында жалға берілетін тұрғын үйлер, Жамбыл ауданы Тарғап ауылында, Ұйғыр ауданының Қалжат ауылында дәрігерлік амбулаториялар, Іле ауданында 3 бірдей балабақша іске қосылып, ел иігілігіне ұсынылмақ.

Сондай-ақ Қарасай ауданы Көкөзек ауылында орналасқан сэндвич-панельдер мен пішінді төсеніштер шығаратын «Болашақ Қаз-Металл» зауыты өз жұмысын бастауға дайын. Нысанның жобалық құны – 110 млн теңге.

Ал Көксу ауданында «Сұлтан» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы, «Нұрлан» шаруа қожалығының базасында ашылатын 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы, Сарқан қаласындағы «Жолбосынов» ЖК-ның 150 басқа лайықталған мал бордақылау алаңы аграрлық саладағы міндеттердің облыста табысты орындалуына үлес қоспақ. Ұйғыр ауданы Дардамты ауылында «Eko product Plus» ЖШС 1 гектар жерге қуаты жылына 100 тонналық жылыжай кешенін қолға алуда. Қаратал ауданы Айтуби ауылында «АгроИнвестҚаратал» ЖШС-ның 340 басқа арналған шошқа ұстау кешені де жаңа жобалар қатарында.

Соңғы жаңалықтар