Алматы облысында жеке тұрғын үй өртеніп, үш адам қайтыс болды

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Космос ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, оқиға орнынан үш адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін түнде, сағат он екілер шамасында болған.

«Шақырту орнына жеткеннен кейін 90 шаршы метр алаңдағы жеке тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Бұл үйде 2021 жылдан бері 8 адам (отбасы) тұрған. Өрт сөндіру кезінде 1960 жылы туған әйелдің (әже), 2018 және 2019 жылы туған ұлдардың (немерелер) денелері табылды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Отбасының қалған мүшелері ауруханаға жеткізілді.

«Сондай-ақ, сағат 1:30-да оқиға орнынан Есік қаласының ауруханасына балалардың 1999 жылғы анасы, 1991 жылғы әкесі, 1958 жылғы атасы, 2022 жылы туған сәби және 2002 мен 2004 жылғы көршілері жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша бұл алты адамның барлығы иіс тиіп уланған», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі науқастардың жағдайы туралы мәлімет берді.

«Өрттен зардап шеккен Космос ауылының 6 тұрғыны ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер тексеру жүргізіп, үйлеріне жіберді. Барлығы амбулаториялық жағдайда ем қабылдайды. 6 адамның да жағдайы қанағаттанарлық», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетсек, қызыл жалын сағат 1:03-те оқшауланып, сағат 01:15-те толықтай сөндірілген. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Өзге ақпарат жария етілмейді. Өрт сөндіруге ТЖД 7 қызметкері мен 2 техникасы, ПД 3 қызметкері және 1 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 2 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды», - делінген Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар