Алматы облысында жайылымнан бір үйір жылқыны ұрлап кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының жол-патруль полиция қызметкерлері «Алматы-Көкпек-Көктал» автожолында ұрланған жылқы тиелген жүк көлігін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол сақшылары 16 бас жылқы тиелген «Magirus Deutz» жүк көлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісі мен оның серігі ешқандай құжат көрсете алмаған. Осыған орай, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тексеру барысында аталған жылқылардың көрші Ұйғыр ауданынан ұрланғаны анықталды»,- деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қолды болған жылқы Үлкен Ақсу ауылында тұратын үш адамның жайылымдағы малы болып шықты. Ұрылардың ұсталғаны туралы тәртіп сақшылары хабар бергенде мал иелері жайылымдағы жылқыларын үйірімен үптеп кеткенінен бейхабар болып шыққан. Жымысқы ойлары іске аспаған ұрылар үш тұрғынға төрт жарым миллион теңгеден астам материалдық шығын әкелген екен. Табылған мал заңды иелеріне қайтарылды.

«Күдіктілердің бірі - жергілікті, екіншісі - көрші Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Олар уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің мал ұрлығының үш дерегіне қатысы бары анықталды»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Сонымен қатар, барымташылар өңірдегі бірқатар мал ұрлығын жасады деп күдікке ілінгендіктен, өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер ұсталған екі күдіктімен қатар, ұрланған малды сатып алушыларды да қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниетті екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар